ЖАҢАЛЫҚТАР

Қалмагерлер мұрасы – бүгінгіге бағдар

11.04.2025
      Алматы қаласында рухани мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор әдеби-танымдық байқау өтті. Шара Алматы қаласы Қоғамдық даму орталығының бастамасымен «Кітап – асыл қазына» жобасы аясында жүзеге асты. Байқаудың мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту, көркем шығармалар арқылы ой-өрісті кеңейту және ұлы жазушылардың туындыларын кеңінен таныту.
      Әдеби жобаға себеп болған тұлғалар қатарында: ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Сапарғали Бегалиннің 130 жылдығы, прозада өзіндік қолтаңба қалдырған Сәбит Мұқановтың 125 жылдығы, сырлы поэзия иесі Әбу Сәрсенбаевтың 120 жылдығы, ерлік пен білімді ұштастырған Мәлік Ғабдуллин мен тарихи романдардың шебері Ілияс Есенберлиннің 110 жылдық мерейтойлары қамтылды.
      Қатысушылардың жетістіктерін сараптаған қазылар алқасының құрамында танымал әдебиетшілер, мәдениет саласының майталмандары және журналистика өкілдері болды. Олар қатысушылардың шығармашылық ойлау қабілетіне, әдеби сауатына және тапсырманы орындау шеберлігіне назар аударды.
      Бұл байқау – тек білім сайысы ғана емес, ұлттық құндылықтарды жаңғырту жолындағы игі бастамаға айналды. Жас ұрпақ қаламгерлердің өшпес еңбегімен жақынырақ танысып, руханиятқа деген ықыласын арттырды.