15.04.2025
Алматы қаласының Қоғамдық даму орталығы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен бірлесіп, «Отбасылық құндылықтар: дәстүр мен жаңашылдық» атты тәрбие-танымдық кездесу ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – болашақ ана ретінде саналатын студент қыздардың бойында ұлттық тәрбиені қалыптастыру, дәстүр мен заманауи көзқарастың үндестігін түсіндіру болды.
Кездесу аясында қатысушыларға қазақтың дана, батыр аналары туралы бейнематериал ұсынылды. Психолог мамандар отбасының қоғамдағы рөлі, қыз бала тәрбиесі, рухани мұра мен қазіргі әлеуметтік жағдайларға қатысты мазмұнды пікірлер айтты. Жиын барысында ажырасу, толық емес отбасылар, жастар арасындағы теріс әрекеттер секілді өзекті тақырыптар қозғалды.
Тәрбиенің қайнар көзі – отбасыдағы жылулық пен ұлттық рух екені баса айтылды. Осындай құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ ел болашағының берік негізі болатынына ерекше назар аударылды. Жиын тағылымы мол, әсерлі басқосу ретінде есте қалды.