ЖАҢАЛЫҚТАР

Кәсіпке бағыт – болашаққа қадам

17.04.2025
      Алматыдағы Принтмедиа технологиялары колледжінде өткен «Полиграфиялық кәсібіне үңілу» атты шеберлік сабағы жастарды болашақ мамандықпен таныстыруға бағытталды. Жиын Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы кәсіптер жылы аясында ұйымдастырылып, Алматы қаласы Қоғамдық даму орталығының қолдауымен өтті.
      Мектеп оқушылары полиграфия саласының ерекшеліктерімен танысып, макет әзірлеу, дизайн жасау, заманауи баспа құрылғыларымен жұмыс істеу сияқты іс-тәжірибелерге араласты. Колледж жанындағы Компетенциялар орталығында өткен сабақта олар өндірістік процесті көзбен көріп, қолмен жасап көрді. Шара барысында колледж төрт ірі өндірістік мекемемен меморандумға қол қойып, дуалды білім беру бағытын дамытуға нақты қадам жасады.
      Қатысушыларға сертификаттар табысталып, олардың қызығушылығына серпін берілді. Полиграфия – тек баспа емес, шығармашылық пен технологияны тоғыстыратын сала екенін жастар терең ұғынды.