19.02.2020
«Бабадан қалған кәсіп» жас зергерлердің қалалық байқауы
Рухани жаңғыру бағдарламасының «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасының аясында 2020 жылғы 20 қазан мен 20 қараша аралығында жастар арасында «Бабадан қалған кәсіп» жас зергерлер байқауы өтті. Байқауды «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен Алматы қолөнер палатасы бірлесе отырып ұйымдастырды. Бүгін осы аталған байқаудың жеңімпаздары анықталып, Алматы музейінде салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Сонымен қатар, байқауға қатысушы зергерлердің жұмысы музейде көрмеге қойылып, көрермен қауымға таныстырылды. Байқауға жалпы саны 23 адам қатысты. Байқаудың алғашқы кезеңінде зергерлер өз жұмыстарын суретке түсіріп жолдаған. Соның ішінен 10 жұмысты сарапшы мамандар келесі кезеңге өткізген. Екінші кезеңде 10 жұмыстың ішінен үздік деп 3 өнер туындысы іріктеліп алынды. Бір айға созылған байқаудың қорытындысы бойынша әділқазы алқасының шешімімен 1-орын иегері Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенті Нурпеисова Мадина Евгеньевна танылды. 2-орынға лайық деп ҚазБСҚА студенті Султан Куаныш Муратулының жұмысы бағаланды. Ал 3-орын иегері болып Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенті Жарқат Махамбет Лесханұлы танылды.
Жалпы бұл арнайы жобаның, байқауды өткізудегі мақсат – ұмыт болып бара жатқан, алайда ізгілік пен тәрбие құндылығы жағынан қазіргі заманда да өзекті болып отырған дәстүр мен тарихи жәдігерлерді қайта жандандыру. Қоғамда биік эстетикалық талғам қалыптастыру. Көркем шығармашылықты қолдау, сәндік-қолданбалы, зергерлік өнерге қатысушылардың кәсіби шеберліктерін дамыту және жетілдіру, зияткерлік деңгейін, тарих пен мәдениетке қызығушылықты арттыру.