09.10.2026
«Адал азамат» жобасы аясында колледж оқытушылары арасында «Үздік педагогикалық шешім» байқауы өтті.
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы ұйымдастыруымен «Адал азамат» жобасы аясында колледж оқытушылары арасында «Үздік педагогикалық шешім» байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты педагогтердің кәсіби және шығармашылық әлеуетін қолдау, жастар арасында адалдық, жауапкершілік, заңға құрмет, еңбекқорлық және белсенді азаматтық ұстаным құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған тиімді педагогикалық шешімдерді анықтау.
Байқауға 30 педагог қатысып, «Адал азамат» жобасының 10 негізгі бағыты аясында білім беру ортасындағы өзекті мәселелерге қатысты 30 нақты шешім ұсынды.
Қатысушылар дәстүрлі сабақ форматымен шектелмей, проблемалық жағдайларды талдап, студенттерді шешім іздеу процесіне тарта отырып, практикалық әрі креативті идеяларын таныстырды.
Жұмыстар сараптамалық комиссия тарапынан 100 балдық жүйе бойынша бағаланды. Бағалау кезінде мәселенің өзектілігі, шешімнің жаңашылдығы, практикалық іске асырылуы, авторлық әдіс пен ұсынылған өнім ескерілді.
Байқау қорытындысы бойынша I, II және III орын иегерлері анықталып, жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Барлық қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталды.
Байқау педагогтердің тәжірибе алмасуына және жастар арасында адал азаматтық құндылықтарды нығайтуға ықпал етті.