13.08.2026
Әскери қызметшілерге Конституцияның негізгі қағидаттары түсіндірілді
«Қоғамдық диалогты қалыптастыру» жобасын іске асыру аясында Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде офицерлер мен мерзімді әскери қызметшілердің қатысуымен ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді.
Кездесу барысында мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жанар Аманжановна Кегембаева «Конституциялық құндылықтар мемлекет пен қоғамға қызмет етудің негізі» тақырыбында сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттары мен конституциялық құндылықтары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ әскери қызметшілердің Конституция талаптарын бұлжытпай сақтауының маңыздылығы туралы жан-жақты түсіндірді.
Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, Конституция нормаларын іс жүзінде қолдануға қатысты жауаптар алды.
Мұндай кездесулер құқықтық мәдениетті арттыруға, конституциялық құндылықтарды нығайтуға, Конституцияға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және әскери қызметшілердің құқықтық санасын дамытуға ықпал етеді.