Алматы қаласында «Заманауи қоғамдық құндылықтар жүйесі: басымдықтар мен даму келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы, зиялы қауым өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар, Қоғамдық кеңес мүшелері және діни бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты қоғамдық құндылықтарды ғылыми және сарапшылық тұрғыдан зерделеп қана қоймай, оларды қоғамдық санаға орнықтырудың тиімді тетіктерін айқындау, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының осы бағыттағы рөлін талқылау болды.
Жиын барысында қатысушылар қазіргі қоғамдағы құндылықтар жүйесінің басымдықтарын, Қазақстанның технологиялық өзгерістер жағдайындағы даму бағыттарын, құқықтық мемлекетті нығайту және азаматтық қоғамды дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы айқындаған «Адал азамат», «Заң мен Тәртіп» және «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларының қоғамдағы құндылықтар жүйесін қалыптастырудағы маңызды аксиологиялық рөлі ерекше атап өтілді.
Мұндай пікірталас алаңдары қоғамдық құндылықтарды нығайтуға, ұлттық бірегейлікті дәріптеуге, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және Қазақстанның тұрақты дамуына ықпал етеді.