Алматы қаласының Қоғамдық даму орталығы
Ғылымдағы стратегиялық бетбұрыс: басымдықтар мен жаңа мүмкіндіктер
27.02.2026

Ғылымдағы стратегиялық бетбұрыс: басымдықтар мен жаңа мүмкіндіктер

Алматыда Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында «Қазақстан ғылымы мен технологияларының форсайты: деректерден – шешімдерге» атты стратегиялық сессия өтті. Ауқымды іс-шара ғылым мен технологиялар саласындағы ұлттық форсайт-зерттеулер мен предиктивті талдау жүйесін дамытуға және республика мен өңірлер деңгейінде бірыңғай болжау жүйесін қалыптастыруға арналды.

Жиында ғылымды басқарудың жаңа парадигмасы ұсынылды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев атап өткендей, ендігі мақсат – бытыраңқы жобалардан арылып, ғылымды ел дамуының нақты басымдықтарына қызмет ететін, нәтижеге бағытталған біртұтас жүйеге айналдыру.

Қаржыландыру құрылымы төрт деңгейлі басымдыққа негізделеді: стратегиялық міндеттер, перспективалы бағыттар, базалық зерттеулер және жаңа ғылыми салаларды қолдау. Бұл тәсіл ресурстарды шоғырландырып, нақты серпін беруге бағытталған.

Сессияның басты жаңалығы – AI SilkNet Қазақстан–Корея жасанды интеллект орталығының ашылуы. Ол Korea Institute of Science and Technology Information (KISTI) серіктестігі аясында құрылып, форсайт пен предиктивті талдаудың ұлттық платформасына айналмақ.

Іс-шараға 400-ден астам отандық және шетелдік ғалымдар, салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, бизнес қауымдастық, ЖОО және ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысты.

KISTI президенті доктор Сик Ли бастаған корей делегациясының қатысуы Қазақстан ғылымының халықаралық серіктестікті нығайтуға бағыт алғанын көрсетті.

AI SilkNet – ғылым мен шешім қабылдау арасындағы алтын көпір. Дерекке сүйенген саясат пен стратегиялық болжам енді Қазақстан ғылымының жаңа тірегіне айналуда.

     

← Жаңалықтар тізіміне оралу