Алматы қаласы Қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен Сәбит Мұқановтың музей-үйінде ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Санаға сәуле сепкен – Абай сөзі» атты тағылымды әдеби-сазды кеш өтті.
Кеш шымылдығы Абайдың өмірі мен шығармашылығынан сыр шерткен әсерлі баяндаумен ашылды. Ақынның жүрекке жетер жырлары көркем мәнермен оқылып, мағыналы қара сөздері терең тебіреніс тудырды. Әрбір өлең жолы мен дана сөзі – ғасырлар қойнауынан жеткен өсиеттей, тыңдарман санасына ой ұялатып, рухани қуат берді.
Бұл кеш – сананы сәулелендіріп, жүректі ізгілікке жетелейтін ұлағатты басқосу болды. Ойлы сөз бен сырлы саз үндесіп, көрерменнің көңіліне терең әсер қалдырды. Абай сөзі – мәңгілік, оның өнегесі – өшпес мұра.