20.03.2025
Қоршаған ортаны қорғау – ортақ міндет
Қоршаған ортаны қорғау – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі. Осы орайда, 20 наурызда Алматы қаласындағы «Аюсай» визит орталығында Taza Qala экоактивистерінің екінші кездесуі өтті. Қоғамдық даму орталығының қолдауымен ұйымдастырылған бұл іс-шара Zero Waste қағидаттарын күнделікті өмірде қолдану тәсілдеріне арналды.
Кездесудің басты қонағы, сарапшы-эколог, «Recycle БІРГЕ» қозғалысының негізін қалаушы Пәкизат Сайлаубекова, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды:
«Толықтай қалдықсыз өмір сүру мүмкін емес. Бірақ әр адам экологиялық мәдениетті дамытып, саналы тұтынуға көшсе, қалдық көлемін едәуір азайта алады. Қайта пайдалануға болатын заттарды күнделікті әдетке айналдыру – табиғатты сақтаудың ең тиімді жолдарының бірі», – деді сарапшы.
Іс-шара барысында оқушылар мен экоактивистер күнделікті өмірде экологиялық әдеттерді енгізудің нақты жолдарын талқылады. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда жастардың рөлі ерекше. Сондықтан бұл кездесуге орта мектеп оқушылары белсенді қатысты. Олар тұрмыстық қалдықтарды азайту, табиғатты қорғаудың қарапайым қадамдары, қайта өңдеуге болатын материалдар және экологиялық сананы қалыптастыру бойынша құнды ақпарат алды.