Алматы қаласының Қоғамдық даму орталығы
Сәбит Мұқанов мұрасына тағзым
19.03.2025

Сәбит Мұқанов мұрасына тағзым

     Әдебиет – ұлттың жаны, руханияттың алтын қазынасы. Оның шынайы құндылығын ұғыну – өткенді бағалап, болашаққа бағдар жасау. Осы орайда, Сәбит Мұқановтың 125 жылдығына арналған «Өмір өткелдері» атты әдеби-танымдық іс-шара өтті.
     Шараның құрметті қонақтары – жазушы, драматург, әдебиеттанушы ғалым, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әлібек Байбол Уәлиханұлы және журналист-публицист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мұрат Мұқаш – жастармен еркін сұхбат құрып, әдебиеттің бүгінгі жай-күйі, қазақ қаламгерлерінің орны, көркем шығарманың құндылығы жайлы ойларымен бөлісті.



     Әдеби кештің басты өзегі Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» мемуарлық романы болды. Бұл туынды жазушының балалық шағы мен шығармашылық жолын суреттейтін құнды әдеби еңбек. Лекция барысында романда бейнеленген тарихи оқиғалар, қазақ қоғамындағы өзгерістер, ұлттық сананың қалыптасуы жан-жақты талқыланды. Қатысушылар жазушы шығармашылығының тереңдігі мен көркемдік қуатын сезініп, оның әдебиеттегі ерекше орнын айқындай түсті.
     Шараның ең қызықты бөліктерінің бірі – «Сұрақ-жауап» форматындағы пікірталас болды. Жастар қаламгердің шығармашылығы туралы өз ойларын ортаға салып, әдебиетке деген қызығушылықтарын білдірді.



     Кеш аясында қатысушылар Сәбит Мұқановтың мұражай-үйіне экскурсия жасап, қаламгердің өмірі мен еңбектері туралы тың деректерге қанықты. Жазушының қолжазбалары, жеке заттары, сирек кездесетін кітаптары мен естеліктері оның шығармашылық болмысын тереңірек түсінуге жол ашты.
     Бұл шара қатысушылардың әйгілі қаламгердің бай мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік беріп, ұлттық әдебиеттің маңызын кең ауқымда түсінуге жол ашты. Әдебиет сүйер қауым қазақ әдебиетінің алтын қорына енген шығармаларды дәріптеудің маңыздылығын, кітап оқудың рухани даму мен ұлттық санаға әсерін айқын сезінді



     Мұндай тағылымды кездесулер – жастардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыратын маңызды қадам. Ұлы қаламгерлердің мұрасы әрдайым ұрпақ санасында жаңғырып, ұлттық рухтың мәңгілік шамшырағы болып қала береді.
← Жаңалықтар тізіміне оралу