27.02.2025
Ерлікке тағзым: Азаматтық авиация академиясы студенттерінің әскери тарих мұражайына сапары
Тарих – ұлттың жадында сақталған ұлы шежіре. Ел қорғаған батырлардың ерлігі, отан үшін жанын қиған жауынгерлердің рухы – бүгінгі жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді оятатын асыл құндылықтар. Осы орайда, Азаматтық авиация академиясының бірінші курс студенттері Қазақстан Республикасының Әскери-тарихи мұражайына арнайы экскурсия жасап, халқымыздың батырлық шежіресімен тереңірек танысу мүмкіндігіне ие болды.
Экскурсия студенттер үшін тек тарихи деректермен танысу ғана емес, сонымен қатар өздерінің болашақ мамандығына деген жауапкершілікті сезінудің бір мүмкіндігі болды. Себебі, авиация саласы да – елдің қауіпсіздігі мен дамуы үшін маңызды бағыттардың бірі. Болашақ ұшқыштар мен авиация мамандары үшін Отан алдындағы борышты сезіну – кәсіби және рухани дамудың маңызды бөлігі.
Мұндай шаралар жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, елдің болашағы үшін қызмет етуге деген ұмтылысты нығайтады. Өткеннің даңқты жолы – бүгінгі күннің бағдаршамы. Сол себепті, болашақ ұшқыштар мен авиация саласының мамандары үшін бұл экскурсия ерекше рухани тәжірибе болды.
Ерлік ешқашан ұмытылмайды! Батыр бабалардың жолын жалғайтын, тәуелсіз еліміздің көк аспанын қорғайтын жаңа буын әрқашан өз тарихынан тағылым алатыны сөзсіз.