Алматы қаласының Қоғамдық даму орталығы
Ерлікке тағзым – елдікке құрмет
24.02.2025

Ерлікке тағзым – елдікке құрмет

     Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – ерлік пен өрліктің, қайсарлық пен табандылықтың белгісі. Осы атаулы күн аясында Орталық ұйымдастырған саяхаттар жастарға өткеннің өшпес өнегесін ұғындыру мақсатында жалғасуда. Кезекті танымдық сапарда Алматы технология-экономикалық колледжінің студенттері Әскери-тарихи мұражайға барып, ел қорғаған ерлердің өмірімен жақын танысты.

     Мұражай төрінде самайын уақыт шалған сарғыш қағазды құжаттар, сарбаздардың майдан даласынан жолдаған хаттары, сол дәуірдің тынысынан сыр шертетін құнды бұйымдар сақталған. Бұл жәдігерлер студенттерді соғыс жылдарының ауыртпалығы мен жауынгерлердің қайтпас қайсарлығына жетеледі. Олардың әрбір дүниеге ұзағырақ қарап, іштей толқығаны анық сезілді.

     Тарихтың таңбасын бойына сіңірген осынау мұралар арқылы жас ұрпақ батырлықтың бағасын түсінеді. Қан майданда ел үшін жанын пида еткен аталарымыздың есімі ешқашан ұмытылмайды. Олардың өлшеусіз ерлігі – кейінгі буынға мәңгілік мұра, рухани бағдар болмақ.

← Жаңалықтар тізіміне оралу