Алматы қаласы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі өкілдерінің қатысуымен Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ұйымдастырған «Жоғары білім беру ұйымдары үшін қазақ тіліндегі оқулықтар: білімнің, ғылым мен өнердің қалыптасуы мен дамуының көкжиегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты - жоғары оқу орындарында болашақ ұлттық мәдениет және өнер мамандарын даярлау контекстінде мемлекеттік тілдегі оқулықтармен қамтамасыз ету мәселелерін талқылау.
Шара барысында дөңгелек үстел қатысушылары оқулық мәселесімен қатар мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтудің, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыздылығын атап өтіп, бұл жұмыстарды атқаруда жастарды тарту қажеттілігін атап өтті.
Сонымен қатар академия оқу залында «Наурыз береке бастауы» атты қазақ дәстүрлерін жаңғырту, ұлттық рухты асқақтату мен патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған кітап көрмесі өтті.
Көрмеде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шығарылған өнер, кинотану, философия, медиа мен журналистика бағытындағы еңбектер көпшілік назарына ұсынылды.